Қағып алып сол бір күйді
Жалғастыра көкте жырлап,
Өрт үстінде көк түтінді
Құстар байғұс жүр шырылдап.
Айтып жұмбақ өлеңдерін
Аңыз болып бір сұлу жар,
Желпіп жалын желектерін
Келе жатты от сұлулар.
Айтты да ол соңғы сөзін,
Аударды бір отты көзін,
Жанарынан шырқ үйіріп,
Жер мен көкті алды жиып,
Сол бір көздің аясына
Кеткендей ед дүние сыйып.
Күй көңілді, жаз бейнелі
Алтын өмір мың құбылып,
Көз алдында жардай күліп,
Қасақана алды тұрып.
Ғашық жандай қайран өмір
Қиналдырмай қалатын ба ең?
Желпуші еді ол жуытпай кір,
Құс жанының қанатымен.
Кейде сағым кейде жалын
Арбады елес көз жанарын,
Көрді бәрін, құшты бәрін:
Туыстарын, жан достарын…
Кенет осы сұлу сурет
Тұрған жайнап көзді тартып,
Сұп сұрланып, о керемет,
Орны-орнында қалды қатып.
Тұр еді ол үсте жалын
Алтын тудай шалқып, лаулап,
Жалп етті ту, жалт берді өмір,
От төсекке түсті лаулап.
Ұшты құстар шартарапқа
Хабарлауға ер өмірін.
Ұмтылды жау таптамаққа
Ең болмаса қалған күлін.
Бұлтын жиып көкірегіне
Күрсінді бір аспан ауыр,
Қос қанатын соғып жерге,
Азаланып жетті дауыл,
«Таптатпан, – деп, – күлін жауға»,
Құшып алып кетті дауыл,
Республика аспанында
Осынау күйді шертті дауыл.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ