Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Прометейге.
Алыстағы нажағайдың,
Қара түнгі қанатындай,
Жарқ-жұрқ етті жүзінде айбын,
Атылғандай ішінде жай,
Жан күнінің нұр шапағы
Күлкі ойнады келбетінде,
Сәл шытынап ай қабағы,
Ең соңғы рет келді тілге:
– Жау жанында сен сүйкімді,
Кел бері, өлім, күйіңді шерт!
Менің адал жүрегімді,
Жау алмасын, сен, алшы өрт!
Қош бол енді, туған елім!
«Кетті де, бір қарыздар жан».
Бұл емес ед көксегенім,
Бұл емес ед арман-арман!
Осы-ақ болды, келген қолдан,
Осы-ақ болды ау, әттең шіркін!
Сен бөгелме ұлы жолдан,
Туған халқым, туған жұртым!
Сенің ашу арыстаның
Сілкуші еді жер мен көкті,
Ту сыртынан шығып жанын
Алшы жаудан, алшы кекті,
Жасашы той! Бәлкім сонда
Еске алып бұл бөбегіңді,
Бір азамат өз ортаңда
Оқыр менің өлеңімді.
Қош бол енді, туған елім!
Кеттім, кеттім боп қарыздар.
Жоғал, жауым! Кел бері, өлім!
Қош бол, достар! Достар! Достар!
– О, дүние! – деген дауысы
От ішінде сәл тұншығып.
Өмір ақтық музыкасы
Басталды да қалды тынып.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ