Жаным, сәулем, еркешім, қызыл гүлім,
Тек сенімен гүлдесін жас ғұмырым.
Күздей күңгірт көңілге жаз орнатқан,
Жадыратқан жанымды сенің нұрың.
Күнім, Айым, жұлдызым – бәрі сенсің,
Қасиетті жаныма тек сен теңсің.
Тек сен болсаң, мен үшін бәрі жарқын,
Мейлі аспанның Ай, Күні мәңгі сөнсін.
Мейлі аспанның бұлты кеп бассын мені,
Жарқ етермін Күндей боп көрсем сені.
Қарт болсам мен, сен үшін жасарар едім,
Тірілер ем егер де болсам өлі!
Табыстырды өзіңе мені тағдыр,
Сүйдім, құштым, жанымнан төгілді жыр.
Аспан алғыс айтты ма екі жасқа,
Естен кетпес бұл кеште жауды жаңбыр.
Нөсерлесе аспаннан маржан жаңбыр,
Жасарар да құлпырар тау менен қыр.
Сол секілді құлпырсын біздің өмір
Деп ойлап, саған арнап жаздым мен жыр.
1941
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ