Қайдасың, махаббаттың періштесі?
Жаныма жақынырақ ұшып келші.
Қолға алып жүрегімді жалбарынам,
Жұбатшы жан қайғысын, есіркеші.
Періштем – сүйген сәулем, қалқажаным,
Тәтті үміт, сүйіншім, ұлы арманым.
Тыңдашы, құлағыңа жетер ме екен,
Сағынып сені, сәулем, салған әнім.
Ауыпты түн ортасы. Қашты ұйқым.
Үһілеп, ән саламын, дүркін-дүркін.
Жел жаттап осы әнімді, жеделдетіп
Жаныңа жеткізер ме ед, әттең шіркін.
Ғашықтың жан әуезін тыңдағандай,
Телміріп тереземнен қарайды Ай.
Мен өстіп отырғанда, тереземнен
Ай болып сен қарар ма ең, үһ дариға-ай.
Кім айтар шыны ғашық мен емес деп?
Мұншама ғашық болар жөн емес деп.
Қалайын құшақ жайып, көз алдымнан
Өтсеңші ең болмаса бір елестеп.
Әлде сен тәтті ұйқының құшағында
Маужырап, еш алаңсыз жатырсың ба?
Түс болып барайын да, сырласайын,
Соғуын жүрегімнің тыңда-тыңда.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ