ОРАМАЛ

Айнымасқа серттескем,
Айғағым бұл орамал.
Орамалға, тілесең,
Жүрегімді орап ал.
Кіршіксіз ақ орамал,
Көз жасыммен жуғанмын.
Жаным – сендік, қабыл ал,
Бір сен үшін туғанмын.
Жаудың елін қорғауға,
Жарым, кетіп барасың.
Бәлкім, жарар орауға
Білегіңнің жарасын.
Бәлкім, осы орамал
Қызыл қанға боялар.
Жанға тисе, жат хабар,
Жарың шошып оянар.
Отан үшін, сен үшін
Тілеп, ұшып барармын.
Аралармын тау ішін,
Сені іздеп табармын.
Қаның жұққан орамал,
Сонда бізге оралар.
Орамалда бір сыр бар,
Кейінгіге жыр болар.
1 шілде, 1940
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *