Тұлпарын мініп алып жастық шақтың,
Өмірдің өріне өрлей жүйітки шаптым.
Сайрандап сәулетті өмір саясында,
Көңілім не тілесе – бәрін таптым.
Қайырлы сапарымда көпті көріп,
Арудың алуан сортын ұшыраттым.
Мен көрдім сұлуларды сандуғаштай,
Сайраған саясында «Иран бақтың».
Мен көрдім таң алдында, тәтті ұйқыда
Құпия сыр-сипатын перизаттың.
Сен соның бәрін-дағы ұмыттырып,
Шығыстың шолпанындай көзді тарттың.
Жүректі әлдеқайда жетектейсің,
Бейне бір сен – магнит, мен – болатпын.
Тәуекел! Дариясына кеттім сүңгіп
Шалқардай шалқып жатқан махаббаттың.
Қиыннан қаймықпайтын әдетім бар,
Еркіне қоя бердім ер талаптың.
Болғанда сен аспанның аққу құсы,
Сұңқардай соңнан қуа қанат қақтым.
Амал не, аққу шіркін қонса барып
Көңілсіз көліне бір басқа жақтың!
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ