Мен құшпаған тал белің, бойың бар ма?

Мен құшпаған тал белің, бойың бар ма?
Мен сүймеген бал тілің, мойның бар ма?
Таң атқанша тар төсекте еркіндеп,
Мен кірмеген, жаным-ау, қойның бар ма?
Біз екеуміз – бірміз деп ойламап па ек?
Күні бұрын қызықтап тойламап па ек?
Келешегін өмірдің бірге болжап,
Тереңіне тұрмыстың бойламап па ек?
ІІ
Сол тілекті бірақ сен! Ақтамадың,
Есігінен өмірдің аттамадың.
Сандығымды сындырып, бар бұйымын –
Естен кетпес аяққа таптағаның?
Ішін көрмей, сандықтың сыртын көрдің,
Біраз ғана шаң басқан сиқын көрдің.
Мен, сен түгіл, қоғамға мүлік болар,
Ішіндегі асылын, – қиқым көрдің.
Өзін көрмей, тұлпардың түгін көрдің,
Тозаң жұққан, сұңқардың жүнін көрдің.
Шапақ атқан бақшаның гүлін көрмей,
Гүлге шашқан тентектің күлін көрдің.
Бір тұтылған өмірдің күнін көрдің,
«Сөнді ғой деп енді күн» – түнін көрдің.
Өмірінің жігіттің нұрын көрмей,
Етегіне бір жұққан кірді көрдің.
ІІІ
Асыл зат таптасаң да жерде қалмас,
Жасықты берсең-дағы ешкім алмас.
Алтайдай асқар биік тау сұңқары
Қонам деп шөпсіз, сусыз шөлге бармас.
Жас тұлпар тұра алар ма өрге шаппай,
Жас қыран отырар ма, қанат қақпай.
Жас жігіт – жалын жігер жай жата ма,
Маздатып өмірінің отын жақпай!
Алтын таң түннен қорқып, тұра ма атпай,
Күміс күн ұялар ма күлім қақпай!
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *