Өңімде ме еді,
Түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
Армандай қызды…
Бір нәзік сәуле
күлімдеп еді
Сұрапыл соғыс
Соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
Тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
Шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттің
Ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
ІІ
Оқ тиді келіп,
Қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
Келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
Жаныма келіп,
Талпына берді
қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
Барамын сөніп.
Жұтар ма мені
Мына сұм соғыс?
Арманым бар ма,
Өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ