Оқыпты таң намазын Балатонда,
Бәйіт қып гүл жайнауын, құс сайрауын.
«О, Вольтер!» Қайда Қапан Сатыпалды,
Сатыпалды баласы жатып алды.
Жатып алды, аққудай ақын даңқын
Атып алды, тарихта аты қалды.
* * *
«Маскарадтың» шығарып масқарасын,
Алматыда жортып жүр ерке Қасым.
Мазасын ап Қаратай Құрманычтың,
Жыр етіп жүр өзінің баспанасын.
* * *
Бар Семейді жеке алып Қайым, Жәкеш,
Талай есік сартта-сұрт ертелі-кеш.
Екеуінің алдынан жалғыз-ақ тек
Поэзия есігі ашылмайды еш.
* * *
Қайдасың, ақын Зияш Қалауова,
«Кавказдың» шығып едің қай тауына?
Мариям екеуіңді сыйлаймыз біз,
Болмаса қап жүрерміз қыз дауына.
* * *
Ассалаумағалайкум, Есмағамбет!
Сіз үшін атқарам деп мен бір міндет.
Байқаусыз жеріңізге кеттім түсіп,
Ағайын адамбыз ғой, кеш, ғафу ет!..
1945
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ