АҚЫНДАР БЕСЖЫЛДЫҒЫ

Біреулер кетті кезіп ақша бұлтты,
Біреулер бір-ақ аттап шыңға шықты.
Біреулер Айға барып айғай салып,
Жұлдызбен алтын кірпік сырласыпты.
Аспандап алыс кеткен не бір мықты,
Не қылсын төмен қарап, жерді ұмытты.
Күндердің бір күнінде бір сонау көктен
Төгер деп жыр нөсерін, мен үмітті.
* * *
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!»
– Жібермейміз, қорықпаңыз сізді ондайға;
Өлген жан «қайтып келіп ойнап-күлмес»,
– Ол қате, пожалуйста, күл де ойна! –
Деп Мұхаң жіберді ашып сахналарды,
Тіріліп ән сап Абай тұра қалды:
«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла».
– Ойлап жазып жатырмын төрт романды;
«Жұп-жұмыр келсін тегіс айналасы»,
Деді Абай.
Мұхаң біраз ойға қалды.
* * *
«Сұлушаш» қашты шошып «Ақ аюдан»,
Сәкең жоқ қашқан қызды соңынан қуған.
Сырласып Асқар, Темір, Балуанмен,
Сәкеңнің жүрген жері күнде думан.
«Сөз – советтік Армия» сапын құрған,
«Біздің заман батыры» мына тұрған,
«Есілдей» есіп жатқан көңілі бар,
Сәкеңе өкпелейтін «қай антұрған?!»
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *