Сипады ол маңдайымнан танығандай,
Тоқсанда толқып жатқан жаны қандай!
Қағып ап бір ақынның домбырасын,
Өрбіттім өлеңімді, еш тайсалмай.
«Кездесу қайда бізге ол заманда,
Зар қағып жүрер ем ғой қой соңында.
Көрер ме ем мүмкін сонда қабырыңды,
Қарайып тұрған жалғыз құба жонда!»
Дедім мен, жалт қарады ол бір нажағай,
Жарқ етті жанарынан атылғандай.
Бір жалғыз ап-ауыр жас түсті аунап,
Жаңағы нажағайдан мерт болғандай.
Алды да домбыраны, кетті жырлап,
Тыңдадық ой ойнақтап, бой шымырлап.
Көп жұтқан дүние сырын кәрі кеуде
Тебіренді бір гүрілдеп, бір сырылдап.
Аймағы Алатаудың сілкінгендей,
Күңреніп келе жатқан отты селдей.
Қайнады бұрқ-сарқ етіп бір тасқын жыр.
Сапырып, сөзді-сөзге соғып сендей.
Сақылдап екі жағы, тулап тілі,
Бусанып, буырқанып шықты үні,
Іштегі тынған дауыл кетті бұрқап,
Желкілдеп қырау басқан беттің түгі.
Қабағы қопарылып құз, жартастай,
Саусағы кәрі жорға жортты адаспай.
Жанын бір желпіп-желпіп тастады да,
Құлшынып шыға келді қыршын жастай.
1946
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ