Көңілімді тебіренттің, ақын аға!
Жыршы емен жалтақтағыш, жалтырама.
Елімнің солдатымын қарапайым,
Сөз шайнап тұрғаным жоқ сахнада.
Жұлдызым бүгін менің жүзбей өрге,
Аласа көрінсем де «биіктерге».
Бір келме қонағындай замананың,
Сыр бүгіп, сылаңдаман туған жерде.
Мен емес сыртын сылар, іштен іріп,
Кимеймін тұмылдырық, көзілдірік.
Өткізіп өз көзімнен бар өмірді,
Аралап, жерде жаяу келем жүріп…
Нығырақ басамын мен аяғымды,
Алға ұстап жүрегімді, аянымды.
Өз жүрген жолдарыма келем жазып,
Сырымды, барлық өмірбаянымды.
Құлдықтың құрсауы емес – баста бөркім,
Табиғат бөбегімін өскен еркін.
Жүрегім торда отырған емес тоты,
Күлем бе, жылаймын ба, тек өз еркім.
Табиғат – анама мен туғам тартып,
Күн болып күлемін мен балқып-шалқып.
Көк дауыл көкірегімде күрсінгенде,
Бұлт болып арпалысам, жалын тартып.
Көңілім – шың, теріскейім – ызғарлы аяз,
Күнгейім – тас балқытқан бір алтын жаз.
Кім келер қай жағымнан, мейлі өз еркі,
Отты сөз – дұшпанға зіл, досыма наз.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ