Сәл ғана саябырда тауып рақат,
От үрлеп сұр окопта отыр солдат…
Кім білер сол солдат мен екенімді,
Алтын от алдымдағы – дос жазған хат?
Ақын дос, адал ниет ағатайым,
Мен үшін тоқсан толқып, шегіп уайым.
Шөлдеген жіберіпсің жан сусынын,
Бойыма құйылды өмір жұтқан сайын.
Қатқан мұз көкірегімде қан аралас,
Балқып бір кетті тамып боп ыстық жас.
От шашқан жанартаудай тебірендім,
Түксиген түсі суық едім құз тас.
Айығып жарқырады ой аспаным,
Алыста ақты өзендей ерке сағым.
Досымдай іздеп тапқан құшты мені,
Бақытым, сүйінішім, жастық шағым.
Қан қатқан қанатымдай шинелімді,
Қайыра серпіп, ашып көкірегімді.
Құшып бір тұрғандаймын нақ осы кез,
Назымды, сырымды айтып мен елімді.
Қараймын отты көзбен жан-жағыма,
Ой тастап, арттағыма, алдағыма.
Қарлыққан соғыс даусын киіп-жарып,
Құйқылжып күй келеді құлағыма.
Тыңдаймын осы күйді жаным ұйып,
Барады жүрегіме жылы тиіп.
Ұлы өмір, ұлан-байтақ туған елім,
Қалайша көкірегіме сел, қиратып жау.
Ажалдан ата дұшпан алайын кек,
Мәңгілік тынбастай боп соқшы, жүрек.
Майданда тасқа қатқан достар қанын
Ту ғып мен көтерейін, көрсін жер-көк
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ