Бауырында Баянаулы жалғыз қорған
Қиырдан жолаушыға аңыз болған.
Күзетіп күндіз бүркіт, таңда бұлбұл,
Түн болса тұғыр етіп байғыз қонған.
Тыным ап сол қорғанда тұрған жым-жырт,
Жамылып жиырма жылды жатыр Махмұт.
Күндердің күнінде бір сол молаға
Керісіп келе жатты екі жігіт.
Молаға екі жігіт келіп жетті,
Біреуі ақын еді от жүректі.
Сұлтанның қабіріне гүл орнатып,
Көзінен жас домалап тәуеп етті.
Мелшиіп тұрды анадай екіншісі,
Әруақтай мола кезген сұп-сұр түсі.
Ербеңдеп кең дүниеде жүрген біреу,
Болғанмен сыртқы күмбез, қуыс іші.
Жамандап өлген жанды кәсіп еткен,
Өлгеннің сыбағасын нәсіп еткен.
Ақынның моласынан бір мін тауып,
Жамандап қайтуға оның есі кеткен.
Жол бойы екі жігіт көп ұрысқан,
Мейірімсіз бір-біріне болған дұшпан.
Елсізді елеуретіп айтысты кеп,
Ұялмай тауда аңнан, көлде құстан.
Бір айтты: – Сұлтанмахмұт тірі, – деді,
Мәңгілік өлмес жанның бірі деді,
Қазақтың кең даласын аралап жүр,
Өзіндей өжет оның жыры, – деді.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ