РУСТАВЕЛИ ШОТАҒА

Шықтым шалқып шың басына, шарықтатып шат қиялды,
Өр көңілмен орай шолдым бар ғаламды, жер-жиhанды.
Тұғиыққа терең бойлап, түстім тарих дариясына,
Көз жеткісіз көлемді ойлап, амандастым бар ғасырға.
Өткен өмір – бейне музей, араладым емін-еркін, –
Ұқтым талай ғасыр сырын, өмір сиқын елдің кейпін.
Жеті ғасыр жолға жетіп, айналама көз жібердім,
Қап тауында тұрмыс құрған халық көрдім, көңіл бөлдім.
Ханды көрдім, қаhарымен айналасын қалтыратқан;
Батыр көрдім, жолбарыстай тауда жортқан, садақ
тартқан.
Елді көрдім, еңіреген, Еділдей боп жасы аққан,
Ерді көрдім, есі шығып етегімен бетін жапқан.
Қызды көрдім, қиын қамал зынданында зар жылаған,
Құлды көрдім, азап қабын арқалаған, нәр сұраған.
Сұм заманнан жаны шошып, жапан түзге кеткен босып,
Көрдім жалқы жауынгерді, өлім жолын жүрген тосып…
Қарай қалдым Қап тауының бұлт бүркенген құз басына,
Кенет көзім кетті түсіп бір ұлы адам тұлғасына.
Тұр екен ол тым тұнжырап, Эльбрустан елге қарап,
Ел қиялын, ер арманын жиып-теріп, өзі арқалап.
Ақын екен, арыстандай айбарымен Айға шапқан,
Ағыл-тегіл төгілген жыр – бейне терек таудан аққан.
Қиыр кезіп, ойға жүзіп, қиял құсы қанат қаққан,
Айдынды аспан аясында жыр тыңдатқан, мұңын
шаққан.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *