«Адасып, алаңдама жол таба алмай,
Берірек тузу жолға шық қамалмай,
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» –
Деген сөзі ақынның қайнап іште,
Келе жаттық жүйткітіп шаңқай түсте;
Көсіліп арыстандай жатты Шыңғыс,
Сенген соң бойындағы алып күшке.
Келе жаттық кең қорық Жидебайға,
Қарауыл қалды артта әлдеқайда;
Кернеген көкіректі көп сыр жатыр,
Келеміз айтарлықтай соны Абайға…
Айдынның аралындай бір дөңесте
Тұр қыстау, талай сырды салып еске;
Еркіндеп араладық әр бөлмесін,
Абайдың еркелері біз емес пе!
Бейіт тұр кәдімгі ескі, төрт құлақты,
Япыр-ай, ақын бұған қалай жатты?!
Тіл қатпас, тусі суық, сұп-сұр мола
Сезе ме, қуанышты, махаббатты…
Қария жас көңілді, жүзі бір нарт,
Әрі әнші, әрі күйші, өзі жомарт,
Көп сырды көңілдегі берді шешіп,
Абайдың немересі Исраил қарт.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ