Алыстан айтқан сөзім өтер ме екен

Алыстан айтқан сөзім өтер ме екен,
Биіксіз, созсам қолым жетер ме екен,
Алам деп Айға ұмтылған жас баладай
Қиынға қолқа салу бекер ме екен?
Тәуекел, бір сынайын өзімді-өзім,
Тоғындай электрдің тисін сөзім,
Әкетті мені билеп әлдеқайда
Сұңқардай алып ұшқан жастық сезім.
Аспанда жарқыраған көп жұлдыз бар,
Мен соның біреуіне едім құмар,
Жақында сол жұлдызым жерге түсіп,
Таба алмай жүруші едім боп ынтызар.
Таба алмай көп шарлап ем жердің жүзін,
Көз болдым, Сіз екенсіз сол жұлдызым,
Кең жайып құшағымды шақырамын,
Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым.
24 ақпан, 1939
* * *
Алдында мен махаббат әулиенің
Ұлы жанды ұсынып, бас иемін,
Аңыз болып қалғандай жұрт аузында
Дәл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйемін,
Дәл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйемін,
Жалыны ғой махаббат жан-жүйенің,
Махаббатсыз қан салқын, дене жансыз,
Махаббатсыз сәні жоқ дүниенің.
Түсінбейді-ау, кей адам махаббатты,
Оған сірә махаббат – гүл сияқты,
Үзіп алды, ол тақты, бұл да тақты,
Гүлі солды, тастады, болды ұятты.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *