Күн күлімдеп сеуіп нұр,
Құлпырады егінжай;
Егінжайда бір қыз жүр
Айдындағы аққудай.
Колхоз қызы – Қарашаш,
Шырқап шаттық ән салған,
Ормандағы сандуғаш
Ләззат алып тамсанған.
Шырқа, шырқа, аспандат
Көңіл күйі — әніңді!
Сен – магнит, мен – болат,
Тартасың жас жанымды.
Лепірген жас жүректен
Жыр берейін жаттап ал.
Махаббатты тілекпен
Жаттап ал да, әнге сал.
1938
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ