Жайқала бер, қызыл гүлім,
Сұлулардың көзін тартып.
Саған сеуіп мардан нұрын,
Тұр ғой алтын күн құмартып,
Сен өмірдің бақшасында,
Шашақ аттың жазғытұрым,
Жас бұлбұлың нақ қасында
Тамылжытқан жүрек жырын.
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Ну жапырақ арасында,
Бұлбұлыңның тыңдап үнін
Дүние саған қарасын да…
Әне, сұлу аспанда тұр
Көк лентасы – «кемпірқосақ»,
Себелейді жұпар жаңбыр
Жайқала бер, қызыл шашақ!
Ай сығалап асқан таудан
Хош иісіңе тұр ғой елтіп;
Сені арылтып шаң-тозаңнан,
Жібек желің өтті желпіп.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ