Білесің бе, жан сәулем, сол бір түнді?
Ай сығалап әйнектен қарап тұрды.
Ай сәулесі шағылған алма жүзің
Ұялтқандай еді ғой электрді.
Сен тұр едің сыбанып білегіңді,
Мен жүр едім қолға алып жүрегімді;
Сонда сенің жаныңа жайлап келіп,
Білесің бе, бас салып сүйгенімді?
Құшырлана сүйдім мен, кеттім балқып,
Бір қиянат жасадым сені ұялтып.
Не болғанын өзім де аңғара алмай,
Кете бардым жөніме ойға батып.
Содан бері зымырап өтті үш жыл;
Гүлден гүлге құмартқан мен бір бұлбұл,
Сайрай-сайрай сайрандап кетіп едім,
Басым бұлбұл, аяғым болып дүлдүл…
Содан бері аралап бақшаларды
Сүйдім талай сыланған сұлуларды.
Сүйген сайын сұлуды, көз алдымда
Сенің бейнең елестеп тұра қалды.
Сол баяғы сүзілген қара көзің,
Ойға шомған мүләйім алма жүзің,
Сәулеленіп алдымда тұра берді,
Жаныма жаз орнатып бал мінезің.
Ойға батып, елжіреп көз жұмулы,
Жая бердім әйтеуір құшағымды,
Не болғанын ұмытып, талай рет
Сен екен деп сүйіппін жат сұлуды…
Армандамын. Енді мен не тілермін?
«Жат болсаң да, бақытты болшы» дермін.
Сен қайғырсаң, — бұлт басып көңілімді,
Сен шат болсаң, — масайрап күлімдермін.
Құшағына кіргенше қара жердің,
Жас шағымды арнадым, саған бердім,
Сен боларсың жарымның бастамасы..
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ