Арғымақ, тұлпар жайлаған,
Ақ сұңқар салып байлаған.
Мың сан кісі жау келсе,
Алдына салып айдаған.
Айтқаны қата болмаған,
Атының басын бұрмаған,
Айбынын суық көрген жау
Алдында қарсы тұрмаған.
Жеңіл де болсын сұрағың.
Әулие пірлер медет қып,
Бейіште болсын тұрағың.
Толы бір топқа кіргенде,
Шоқтығы шығып сөйлеген.
Әділдігі сонша еді,
Адамзаттың баласын
Өз ұлындай көздеген.
Ер құнына даулы боп,
Екіұдай боп ел сасса,
Жақсы сөзбен жөндеген.
Өз ақылы болмаса,
Бөтен сөзге көнбеген.
Науқастанып келгенде,
Жұрт сарылып біледі.
Тілегін жаппар бермеген,
Көзінің жасын көрмеген.
Ел сорына кез келіп,
Айрылдым, жұртым, қарақтан
Мырзалығы сонша еді,
Кәріп пенен қасірге
Барлық малын таратқан.
Енді мұндай жан тумас
Бөкей, Тәуке, Барақтан.
Тумай сөзге ілініп,
Ақ патшаға білініп,
Жастайында шен алған
Ешкімге сөзін бермеген,
Дұспаннан қорлық көрмеген.
Жасынан-ақ аруағы
Күннен-күнге өрлеген.
Замана жаман Күнінде
Азғана Күн жүрмеді.
Ырысы қайтқан жұртының
Көзінің жасын көрмеді.
Кешегі менің бекзатым
Бесінде мектеп оқыған.
Алтыда ақыл тоқыған,
Жетісіне келгенде,
Жетпіс жерден діл сұрап,
Құдықтай көзін шұқыған.
Сегізіне келгенде,
Сергердіге бас болған.
Тоғызына келгенде,
Толған айдай балқыған,
Тоғыздан онға келген соң,
Дәулеті көлдей шалқыған.
Он біріне келгенде,
Ақылы асты халқынан.
Он екіге келгенде,
Құрбы өтпеді нарқынан.
Жиырмадан өткен соң,
Енді отызға жеткен соң,
Салиқалы би болды.
Миуасы алтын шынарым,
Шынардай ағаш түбінен
Құдіретсіз сынар ма?
Халық иесі тұрмады,
Жоқтамай көңілім тынар ма?
Пайғамбар сынды нұрыңды
Көруге жұрты құмар-ды.
Жайнап жүрген бекзатым
Су сепкендей басылды.
Алдыңнан құдай жарылқап,
Бейіштің есігі ашылғай!
Періштелер жолдас боп,
Хор қыздары қосылғай,
Түрлі неғмет шашылғай.
Келбетіңді қайтейін
Гауһар-жақұт тасындай,
Күнәйіңді кешсін деп,
Ысқат беріп отырмын
Отыздағы жасыңды-ай.
Кімге тастап кеттіңіз
Қара Әйтімбет еліңді?
Дүниеден еркем өткен соң,
Қусырдым жаман белімді,
Құдайдың өзі суалтты
Айдай шалқар көлімді.
Бұл барғаннан келмесең,
Бейіш барсаң орын ал,
Хордың қызы жолықса,
Бірін көр де, бірін ал!
Артында қалған ел-жұртың,
Бала-шаға ойыңа ал.
Ұмытпай ойға алсаңыз,
Қияметте жолығар,
Бісміллә деп сөз айтқан,
Шырағымда иман бар.
Сұм дүние сағым боларсың,
Барлығын жалмап тынарсың,
Жылтырайсың сыртыңнан,
Өртенген ішің шынарсың.
Абайлатпай адамға.
Ақыр бір күн құларсың.
Кешегі кеткен арыстан,
Қайткенде естен шығарсың?
Сөзімнің басы бісміллә,
Бісмілләсіз іс қылма!
Құдірет салды-ау құрығын
Айдынды туған арыстанға.
Керуен көшсе жол қалар,
Өткен дәурен соң қалар.
Қанаты сынса сұңқардың,
Қайраты болмас, қарға алар.
Қапасы қатты дүние-ай!
Көзімнің жасы сорғалар,
Сұм дүние-ай, құзыр көшесің,
Өткіздің ердің нешесін?
Бес күндей қызық көрсетіп,
Аларсың ақыр есесін.
Біреудің алып баласын,
Жылатып қойдың шешесін.
Жетім қылдың жасында,
Біреудің алып әкесін,
Тыңдаңыздар, жақсылар,
Әуел сөздің басынан,
Өлім жақын адамның
Көзі менен қасынан.
Ешкім жақын болған жоқ
Ол Мұхамбет досынан.
Сол ерді де зарлатып,
Жалғызын алып жасынан.
Ойлаңыздар, ағайын,
Жаман іс бар ма осынан?
Мұң тыңдаған ағайын,
Мұңымды айтып шағайын,
Қай жақтан іздеп табайын?
Әуелі құдай, бісміллә,
Жат етейін рахман.
Біздей зарлап өткен жоқ
Бұрынғыда неше жан.
Неше бек өткен, неше хан?
Бұрынғы өткен пайғамбар –
Бәрі өлімге болды тән,
Бар кісіге жарасар
Өлімге де қылған сән.
Күні-түні зарланып,
Қарлығып тұр біздің ән.
Жапырағы алтын шынарым,
Жалын тимей сынар ма?
Оңмен аққан дария
Теріс айналып тынар ма?
Асылмаған жан бар ма
Кешегі алтын шынарға.
Дабысына асық боп,
Кім келмеген бұларға.
Алдырдым, халқым, қайтейін
Алтын сапты найзамды!
Жер ошақтай тесік жер
Жұтып салды дариямды.
Өзім деген кісіге
Қылушы еді қайратты.
Қысылған жерде жол тауып,
Тигіздің халыққа пайдаңды.
Жұрт сандалып сасқанда,
Табушы едің қайлаңды,
Жайнап шықтың жасыңнан
Сексеуілдің шоғындай,
Түскен жерін ұсатқан
Зеңбіректің оғындай.
Талғамай шапқан жүйрігім,
Ашың менен тоғыңды-ай.
Айрылдың, халқым, нарыңнан,
Көтерген ауыр қомындай.
Қайырға шалқар көл еді,
Дұспанға асқар бел еді.
Қай теңдікке, ағайын,
Жеткізбей кетті қолыңды-ай?!
Сая салған адамға
Шынардан шыққан бұтақтай.
Айтқан сөзім мәнілі,
Ғалімлер жазған кітаптай.
Тобынан озған датқалар,
Таққа мінген патшалар.
Таңылмай қалмас табытқа.
Жатқызбас кімді бұл тақтай?
Қазан соғып құлатты-ау
Халқымның биік қаласын.
Біреудің алып баласын,
Жылатып қойдың анасын.
Ойлап тұрсаң, сұм өлім,
Кімдердің тұтпас жағасын?
Күнжан