Ұлбике:
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам.
Тал бойыма жинақтап қаттап алғам.
Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,
Өлеңімді әніммен баптап алғам.
Мәделі:
Жастайымнан сұлуды көп таңдаймын,
Мінезіне ісі сай ма деп таңдаймын.
Өздеріңдей сұлудың зәрлі сөзін,
Көңіліме ауырлап өкпе алмаймын.
Ұлбике:
Әудемжармен әуелі үнімді аштым,
Он екімде өлеңмен тілімді аштым.
Он үшімде өзімдей бозбаламен
Жұмбақ айтып өлеңмен жағаластым.
Мәделі:
Бақ-құт деген бармақтай болады екен,
Қыз бен жігіт басына қонады екен.
Еркін өссе екеуі он алтыда
Аспандағы айдай боп толады екен.
Ұлбике:
Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігімде үйренгем бар өлеңді.
Балапандай кезімде қайран шешем
Тал бойыма дарытқан қара өлеңді.
Мәделі:
Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі,
Қысылса да аузына сөз түседі.
Өлең айтып отырған Ұлбикенің
Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі.
Ұлбике:
Бес жасымда шешеме болдым шырақ,
Сегізімде әкеме қойдым құлақ.
Тоғыз жасқа келгенде үрдей болып,
Өлең айттым наурызда үй жағалап.
Мәделі:
Өлең айтып бәдікте үніңді аштың,
Көп алдында қалқайып маржан шаштың.
Ат арытып айтысқа келгендердің
Арқасына ырситып қамшы бастың.
Ұлбике:
Әуелден-ақ адамзат тіл, көмейлі,
Шайпау сөз қыз жөнінде не демейді.
Іздеп келген сол ақын кетіп қалған,
Қой да үріккен жағына беттемейді.
Мәделі:
Бетке жақса опа да әр береді,
Ақ көйлекке қос етек өң береді.
Сұлу қыздың жүрісі, жөні бөлек,
Ондай қызға қай жігіт тең келеді?
Ұлбике:
Адасқан жүре берсе жолын түзер,
Арық ат жал біткенде белін түзер.
Айтатын осындайда жұмбағым бар,
Күрмеуді шеше алмаған арқанды үзер.
Мәделі:
Көзі ашық адам ашар кітап бетін,
Біліммен тоқсан тоғыз тілдесетін.
Бір тілді ақын қызға қамдап келгем,
Абайла, кездігім бар тіл кесетін.
Ұлбике:
Бүгінгі пісіргенім кесте күлше,
Үш бұрыш, төрт бұрышты кеспе күлше.
Жалын – оқ ішімдегі атылады,
Бейауыз қай-қайдағы бөспе күлсе.
Мәделі:
Тон киер ару жігіт сәнді әдіпті,
Хат жазар орамамен жеті әліпті.
Арғымақ асау тайдан қалып кетсе,
Әйтеуір не де болса бір кәдік-ті.
Ұлбике:
Шықпайды неге ажырық сортаң жерге,
Теңізде дәм тартпайды шортан неге?
Айта ғой білгіш болсаң өлеңіңмен,
Кешке қарай шықпайды шолпан неге?
Мәделі:
Білгендер балық жаны суда дейді,
Тамыры ажырықтың буда дейді.
Жер үстін мекендеген Шолпан қыздың
Шырқыраған шыбын жаны нуда дейді.
Ұлбике:
Әуелгі ел мен жұрттың тегі бар ма?
Аспанның керегесі, шегі бар ма?
Тағы да ауыл көшсе мекендейтін,
Құдайдың жер астында жері бар ма?
Мәделі:
Екі айдың батар, шығар екі ортасы,
Айтайын сен білмесең үй арасы.
Айта жүр сұрай қалса ел-жұртыңа,
Болмайды жер мен көктің шекарасы.
Ұлбике:
Ішінде әптиектің «пе» болады,
Қос ноқат қойса үстіне «те» болады
Айта ғой білгіш болсаң, ей, Мәделі
Сұраймын, құс атасы не болады?
Мәделі:
Әуелден жаратқанның жолы аян,
Өлеңге құлағың сал, бері таян.
Кем ақыл, сен білмесең мен айтайын,
Болады құс атасы Шегірбаян.
Ұлбике:
Бұқарда оқығанның өрісі бар,
Балаға тәлім болар дәрісі бар.
Қожадан оқып шыққан кәлпелердің
Әйтеуір қайда болсын ырысы бар
Ұлбике Жанкелдіқызы