ЖАҢА ЖЫЛ

Сағат дәл он екіден тұрды аумай,
Ескі жыл жайлап жылжып қарт адамдай.
Есіктен шыға бере сәл кідірді,
Қарсы енген жаңа жылға қақтыққандай.
Екеуі келіскендей болды тілге,
Жаңа жыл жас жігіт боп енді өмірге.
Еркіндеп, – ендігісі менікі деп,
Сағатты өз қолымен бұрды бірге.
Жаңа жыл мың тоғыз жүз қырық жетінші,
Отырмыз сені күтіп үлкен-кіші.
Айқара ақ шапанын серпе тастап,
Кәнеки, шықшы төрге, бір желпінші!
Кел, достар, көтерелік,
Күңгірлетіп,
Ал, досым, көңілді күй жібер шертіп.
Жаңа жыл, жаңа мейман, жаңа ырыс,
Көл болып, көңіл шіркін жатсын көлкіп.
Ризамын ескі жылға, болды игі,
Қиынды қиып түстік неше қилы.
Он екі серігін ол соңына ертіп,
Аралап елімізді, көрді сыйды.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *