«Байқал», «Байқал» дегенге,
Тұрдым атып орнымнан.
Ұйқылы-ояу денемде
Толқи ақты ыстық қан.
Қызыл вагон есігін
Айқара ашып тастадық…
Соқты самал есіліп,
Ақты бұлақ тас жарып.
Торғын тұман жамылып,
Байқал жатты көсіліп.
Таң сәріден сабылып,
Жәрмеңкеге жосылып.
Кернейлеткен көп өзен
Жатты құйып тұс-тұстан.
Ерте оянған Таң жеңгең
Тұрды қарап шығыстан.
Ой тастап бір Байқалға,
Ғашық болған Таң сұлу.
Айнала асқар тауларға
Қойды қадап алтын ту.
Шіркін, Байқал, Байқал деп,
Біз келеміз шарқ ұрып.
Кең бір дүние көкпеңбек
Әлдеқайда шақырып.
Алыс сапар асығыс,
Аялдауға жоқ мұрша.
Сықылданып таңғы түс,
Қалмақ па бұл тамаша?
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ