Жеңіп жауын, достар үйге
Келіп жатыр жеке-жеке.
Шалқып тағы бастық күйге,
Бейбіт өмір – бір жәрмеңке.
Жайдық қайта дастарқанды,
Қолда ойнатып кесемізді.
Құштық қайта сүйген жарды,
Кім айырар енді бізді!
Домбыраны бұрап қайта,
Құшырлана сүрттік шаңын.
Бір жарқ етер осындайда
Өткен шағың, болашағың!
Қайта жалғап тарттық біздер
Кілт үзілген көңіл күйін.
Өтті, кетті қатал күндер, –
Көңілге бір тастап түйін.
Көп едік біз, көп едік біз
Демалыс күн мәжілісте.
Біз әлі де көп екенбіз, –
Кел, достарым, кеттік іске!
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ