Сапырды соғыс дауылы
Өмірдің бейбіт теңізін.
Солқылдап дала сауыры,
Қаптады бір өрт жер жүзін.
Қасқара шықтық майданға,
Қасақы жауды мерт қылдық.
Халқымыз серттен тайған ба!
Құлшына түстік, серт қылдық:
Қираған сәнді қаламыз,
Қаусаған алып заводтар,
Құлпыртып қайта саламыз,
Жағамыз, дедік, жаңа оттар.
Өртенген орман, күйінбе,
Сені де қайта егеміз,
Баяғы болған күйіңе
Келесің қайта, дегеміз.
Қанқұйлы дұшпан фашистер
Аяусыз қорлап, таптаған.
Қаралы, қайран, жатты жер
Егінін, нуын өрт алған.
Қайғырма бұған, жеріміз,
Жиренген жауың жеңілді,
Бөлейміз нуға сені біз,
Жайқалтып алтын егінді.
Қанымыз тамшы тамған жер
Қызғалдақ атар құлпыртып, –
Деп іске басты халық ер,
Өмірді алға ұмтылтып,
Сталин бастап, біз қостап,
Кірісіп кеттік еңбекке,
Дүниеге бүкіл ой тастап.
Даңқымыз кетті жер-көкке
Қасым АМАНЖОЛОВ