Құладын құстың құлы екен.
Күндердің күні болғанда
Құладынның көрдің бе,
Аспаннан қу төңкеріп ілгенін!
Аңдаймысың, жігіттер,
Ноғайлының мынау үстімнен
Ауыр әскер ертіп жүргенін,
Үстімнен жүрген дүшпанның
Езуін тартып күлгенін.
Қаршыға менен қарлығаш,
Екеуі бір ұяның құсы екен.
Күндердің күні болғанда
Көрдің бе екі басқа қонғанын!
Қарауыл басы қолбасым,
Жортуыл басы жолбарысым,
Ежелден сырлас мұңдасым,
Жау дегенде тынбасым!
Орағымды өлтірген
Қалу мен Сары оңбасын!
Әр кезде екі болмасын!
Ертеменен тұра алмай,
Белімді бекем буа алмай,
Беті-қолым жуа алмай,
Көзімнің жасын тыя алмай,
Отырғанда мен сөйтіп,
Бата оқи да келдің бе,
Шыныңмен де, балам, ұялмай!
Мұрат Мөңкеұлы