Ебей басты құба үлек

Ебей басты құба үлек,
Сенен соң жүк көтерер түйе жоқ!
Айғыры өлген ақ байтал,
Сенен соң ат туарға бие жоқ!
Бұ сөзімде жүйе жоқ.
Ертеңнен кешке зарласам,
Есіркер бізді ие жоқ!
Арыстан сынды Ер Орақ,
Жатыр екен бүгіліп,
Әділ жаннан түңіліп.
Досыма жаман түс көріп,
Бір ұқсаусыз іс көріп,
Ертеңменен мен жазған,
Шыға да салдым жүгіріп.
Көтерсем басын тұрмайды,
Отырмын жаман түңіліп,
Жел жағымда желпілдеп,
Жапанға біткен бәйтерек,
Ортасынан шарт сынып,
Екі басқа көрінді.
Дұшпанға сенген қан жұтар,
Жазған, ақылың неден бүлінді?!
Қай жаманға тастайсың,
Орда, байтақ еліңді?!
Аңдып жүрген көп жаман,
Сындырған екен беліңді!
Қапылықпен кеттің бе,
Бір сермемей қолыңды!
Артыңа тастап барасың,
Алған бір жұпты тіліңді!
Қарасай мен Қазидай
Жас қалдырдың төліңді.
Тілесек бізге берер ме,
Бұ секілді өлімді!
Жарылқаса жасаған,
Шәйттің кеттің жолында!
Сарғайғанмен сарғайып,
Қиямат болмай көрмек жоқ
Қош-аман бол, жан досым,
Ұжмақтың болшы төрінде!
 
 
 

Мұрат Мөңкеұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *