Жолдасымды айтайын,
Айтайын да қайтайын.
Өңшең батыр арыстанды
Құнанбоз деген аты бар.
Алдынан қара кетпеген,
Артынан адам жетпеген.
Көн сәдақты, күн бетті,
Жараған бура келбетті,
Жаңғыз оғын атқанда
Мың кәпірді еңіретті.
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Қырымнан жалғыз аттанған
Қоянақұлы Қожақ бар.
Енді бірін кім десең,
Сырты қызыл күймелі,
Омырауы алтын түймелі,
Ту сыртынан қарасаң,
Дөнен бұқа шүйделі.
Қарт бурадай қабақты,
Қарт бірқазан тамақты,
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Теңгеліктен жалғыз аттанған
Бекімнің ұлы Жанай бар.
Мұрат Мөңкеұлы