Құдеке, әжептәуір сөзің сенің

Құдеке, әжептәуір сөзің сенің,
Қудалау сын емес пе ердің кемін.
Елжіреп іші-бауырың түсе берсе,
Айтып кет, а, құдеке, таздың емін?
Мұрат:
Тамырын таз кісінің қиған болар,
Күл сеуіп, аққан қанын тыйған болар.
Бір шерек іскеметер, күкірт, сынап,
Қайнатып көк дәріні құйған болар.
Бір жұма көк шүберекпен орап тастап,
Қан-жынын ыссы сумен жуған болар.
Жантолы:
Аз екен ел қыдырып көрмегенің,
Ойыңда тағы бар ма көздегенің.
Дәрудің жеті түрлі барын біліп,
Таз ба еді он жасыңнан емдегенің?
Мұрат:
Аз еді ел қыдырып көрмегенім,
Ойымда тағы да бар көздегенім.
Таз бенен ақбас қотыр бір нәсілді,
Ақбасты көрмеймін бе емдегенін?
Бір қақтың ақ етіме ашуменен,
Жігітке ашу ұят асыл деген.
Ұрынған өзі келіп Берішке тимей,
Мен бе едім ақ қарабас құрт басын жеген?
Мұрат:
Бір қақты ақ етіңе ашуменен,
Жігітке ашу ұят асыл деген.
Бір түгіл екі соқса, жаның шықсын,
Осының кісі келер ме басын көрген?!
 
 
 

Мұрат Мөңкеұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *