Нарғозы құдығы еді Есболайдың

Нарғозы құдығы еді Есболайдың,
Отырған күнін көріп жарлы, байдың.
Жылқыны Тұзбұлаққа айдап тастап,
Су еді жалдандырған құлын-тайдың.
Су ішіп Нарғозыдан шыққан жылқы,
Бәйгелмен басушы еді Жездібайдың.
Сыймаған ен далаға сонша малдан,
Құдайым тастамады жалғыз тайды.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Ісіне кім көнбейді бір құдайдың?!
 
Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас
Адыра, құдық еді суы сырлас.
Ат мініп, алма мойын, ақ үй тігіп,
Демеңіз әлі де біз де кеңес құрмас.
Байұлы он екі ата жұтаса да,
Сарсылтып бұ секілді біздей қылмас.
Сөзіме жаман кісі түсінбейді,
Анайы ер түсінер сөзге мұңдас.
 
Қабанбай, Қарақалпақ, Малайсары,
Кенжеден көрінеді жұрттың бәрі.
Су ішіп, Көтібайдан өріспеген,
Мәтештен асушы еді жылқы малы.
Бұ күнде айтқанменен нанамысың,
Нешікте тоқталып тұр халықтың бағы.
Тайсойған, Орал бойы өскен жерім,
Кіндігім, кірім жуып, кескен жерім.
 
 
 

Мұрат Мөңкеұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *