Құлыншақ ақын Ондыбай болысқа арнайы сәлем бере барады. Үйінде Ондыбай болмай, тоқалы Құлыншаққа құмғандағы қалған шайды береді. Шайын ішпей, Ондыбайға хат жазып, тоқалына
«Ешкімге көрсетпей болыстың өзіне берерсіз» дейді. Ондыбай тоқалы берген қатты оқыса, Құлыншақтан екен, бүй депті:
(1нұсқа)
Сәлем де Ондыбайға Құлыншақтан,
Есектен не шығады айғыр шапқан?
Бір ердің табысына адырайып,
Көзіне көрінбейді жер мен аспан.
Сәлемге келіп едік Ондыбайға,
Бір құман кез кеп қалдық қалған шайға,
Жырқылдап мен келгеннен күле берді,
«Көп күлген әйел соры» деген қайда?!
Мал беріп, текті жерден қыз алсайшы,
Үлгілі ата-анасы мейман баққан.
(2нұсқа)
Сәлем де Ондыбайға Құлыншақтан,
Есектен не туады айғыр шапқан?
Жылтыраған бетіне әуес болмай,
Адамның баласын ал кісі баққан.
Қызарған не қыласың беттің нұрын,
Салады көрген жігіт көздің қырын.
«Ондыбайдың ауылына барамыз» деп,
Қайдан таныс боламыз үш жыл бұрын?
Болысеке, бұл өлең қайдан шықты?
Үйіңде бесінде ішкен шайдан шықты.
Сабада сапырулы қымыз тұрып,
Күбіден айнып кеткен айран шықты.
Қайырқош, болысеке, көргенімше,
Бұл қорлық естен кетпес өлгенімше.
Қосқабалды арқалап құрыған жақсы,
Итке артып аттың қосын жүргеніңше.