Жолаушылап жолда келе жатқан Құлыншаққа оны сырттай айтумен таныған бір ауылдың тойына бара жатқан ақын қыз Құлыншаққа қарап өлең бастайды.
Қыз:
Құлыншағым,
Төбеңде салпылдайды тұлымшағың,
Думандап той дегенде тұра алмайсың,
Құрысып шапқыш аттай ұрыншағым.
Құлыншақ:
Көрерсің тірі болсаң, той-жиынды,
Көрерсің әлде жақсы, әлде жаман,
Отырмын сұрайын деп бір бұйымды.
Қыз:
Қызыл ата,
Атаға аттан түсіп қылдым бата,
Біздерден ат пен түйе сіз алмассыз,
Сұрайтын бұйымыңның атын ата.
Құлыншақ:
Әуелімжар,
Қарағым әлі-ақ болар пейілің тар,
Сіздерден ат пен түйе мен алмаймын,
Тон тысты, етік басты бұйымың бар.
Қыз:
Байлардың биесі бар, түйесі бар,
Сөзінің кей жаманның киесі бар.
Байталды сұрағанмен мен бермеймін,
Байталдың малды берген иесі бар.
Құлыншақ:
Жоғарғы біздің ауыл Берсін деді,
Берсіннен жылқым жусап, өрсін деді.
Мен барып егесінен сұрап келдім,
«Қалдырмай пайдасынан берсін!» деді.
Қыз:
Басында Қаратаудың дауылы бар,
Бұл қыздың Жалпақсазда ауылы бар.
Байталды ол бергенмен, мен бермеймін,
Байталдың бүйрегінде жауыры бар.
Құлыншақ:
Байталың жауыр болса жем берейін,
Ширегін бір батпаннан кем берейін.
Байталың жауыр болса келгін алып,
Аузынан жем, артынан дем берейін…