Созақ аймағында Жуантөбе деген жердегі бір байдың үлкен тойында жолыққан Майлықожаға
Құлын шақтың айтқаны:
«Тез қасында, – деп айтқан, –
Қисық ағаш жатпайды».
Ар-ұятты ойлаған
Дүниеге есін сатпайды,
Ақылы бар адамдар
Сөйлер сөзін шақтайды,
Қарауылға ілінбей
Мерген мылтық атпайды,
Шамалы жерге келмесе
Жолбарыс та шаппайды,
Тәңір айдаған азамат
Қай жердің дәмін татпайды,
Әруақ ерден сілкінсе,
Оралып қайта соқпайды,
Кей жігіттің мінезі
Жанып тұрған шоқтай-ды,
Кей жігіттің сөзі бар
Ешнәрсе келмей қолынан
Бекерден-бекер оттайды,
Құдай да мақұл демеген
Қол қайыры жоқ байды,
Кісі түссе үйіне
Қырын қарап отырар,
Келгендер бәрін оппайды,
Ақылгөйі бар адам
Айналасын шақырып,
Аптада аулын топтайды,
Ақылгөйі жоқ адам
Жақындаса ұрысып,
Бір-бірін өсек қылысып,
Жылында бір соқпайды,
Білетұғын кісіге
Бұл бірліктің белгісі
Бүйерге келер үлгісі,
Үлгісіз ұста жоқ, сірә,
Өрнексіз қылып айтқан сөз
Өрнексіз шешен болмайды,
Өздеріңдей жақсыға
Әңгіме, нақыл сөз айтып,
Тыңдаушы едім сондайды,
Арғы жағын пайымдап
Есі бар адам ойлайды,
Біздің сөзді тыңдаған
Басқаға көңіл қоймайды,
Шекерге ешкім тоймайды.
Құлыншақ Кемелұлы