Су тасқыны тау болды,
Таудай толқын жау болды.
Соққан желдер күш болды,
Мұндай заман түс болды.
Түн ортасы болғанда,
Желдің түбі бұрылған,
Бәлеге қашқан ұрынған
Малынан пайда көрмеген
Қанағатсыз Қарынбай,
Барын жоқ деп құрынған.
Жұлдызды жатқа санасақ,
Қисап етіп қарасақ,
«Мың тасқанға – бір тосқын»
Бар емес пе еді бұрыннан?!
Кейіндегі бозбалалар,
Налымаңыз, шырағым,
Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай мен жарлы тең болса,
Суда – балық, қырда – егін,
Бәле-бәтер жоқ болса,
Диқаншылық көп болса,
Талаптың күші сел болып,
Кетерсіз-дағы ел болып.
Қашаған Күржіманұлы