«Жекпе-жек!» деп айқайлап,
Мың жарым кісі ауыр қол
Артынан қуып жетеді.
Екі жақ та айқасып,
Ұрыстың болды ұлысы.
Қатар-қатар тұрысып,
Саржаның тартты кірісін.
Бөріктер ұшып торсылдап,
Біреулер қалды қорсылдап.
Қай жақтан да ер өлді,
Аз өлмеді, көп өлді.
Күннің көзі тұлданып,
Батысы мен шығысы,
Басылып ұрыс, көнерді.
Шоқысында Қарақұс,
Шығанақ теңіз тұсында
Жағалай жатқан көп оба
Солардан қалған жер еді.
Жылдардан жылдар өткенде,
Маңғыстаудай қонысқа
Адайды айдап келеді.
Сұрасаңыз, бозбала,
Бұл ақиқат сөз ғана.
Шежіренің сүрлеуін,
Кәріден естіп білгенін,
Осылайша әр жерде
Қашаған айтып береді.
Қашаған Күржіманұлы