Бірнеше күндер өтеді,
Қаратөбе, Манаты
Деген жерге жетеді.
Маңғыстауың сол күнде
Қалың нулық жер екен.
Бозарыстың түбінде
Қарашағыр, Шадас құдық,
Ордың бойы ел екен.
Ерлер барлау салады,
Жарықта байқап алады.
Қалың елді еңселеп,
Таң алдында барады.
Желпіндіріп ту байлап,
Ерлерім тұрды ат сайлап,
Көгалаң таң болғанда,
Шақырды ұран айқайлап.
Құлақты сүрен шалады,
Ат дүбірі жарады,
Мұңдық болған көп тұтқын,
Елінің көріп ерлерін,
Қуанып, естен танады.
Бақырауық бектердің
Салтанатын тәрік қып,
Олжаға елді қарық қып,
Шалқұйрығын дүбірлетіп,
Ерлерім айдап барады.
Бір күн, бір түн өтеді,
Сәске мезгіл болғанда,
Анық түске толғанда,
Екі-үш жерден ту байлап.
Қашаған Күржіманұлы