ЖАРАТЫЛЫС ТУРАЛЫ

 
Адамды Құдай ойлады,
Жаратпаққа қам қылып.
Он сегіз мың әлемді
Адамзатқа таң қылып.
Әзірейілді жіберді,
Жер топырақ берсін деп.
Жер топырақ бермеді,
Күнәһар деп ойлады.
Жәбірейілді жіберді,
Жәбірейіл ап келді
Қара жерге таңба ұрып.
Адамға Құдай жан берді,
Түрегел деп түшкіріп.
Құдай-тағала жаратты,
Әуеліңді әз қылып,
Ырызғы берді қолына,
Ішіп-же деп мәз қылып.
Апарып қойды пейішке,
Еркін жүріп-тұр деумен,
Ойыныңды қандырып.
Адамды шайтан шығарды,
Аузына бидай салдырып.
Адам ата, Хауа ана
Бірін-бірі таба алмай,
Талай жыл жүрді қаңғырып.
Өмірін қойды дүниенің,
Қызықсын деп аз қылып.
Осыдан-ақ біліңдер,
Құдіреті күшті Құдайды.
Адам соққан ымырат,
Аз күн шыдап құлайды.
Сұрап алған дүниеге
Қарнымыз да тоймайды.
Ойлап тұрсаң, жігіттер,
Бір Құдайдың өзінің
Бергеніндей болмайды.
Құдіретін содан біл –
Ұстынсыз аспан шыдайды!..
 
Құлыншақ Кемелұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *