Қызықты болсын құрмаңыз,
Қызықтамай қарап тұрмаңыз.
Құзырыңа келіп сөз айтсам,
Сөзіме зорлық қылмаңыз.
Бұл жиналған кәптің ішінде
Нелер бар да, нелер жоқ:
Билігі көп би де бар,
Қайраты қалың ер де бар,
Елеуреп тұрған жас та бар.
Халық, қалағаның сөз болса,
Шеберің сөзді астарлар.
Тауып айтсам, дұрыс дер,
Таппай айтсам, бұрыс дер.
Бұ сөзімді тыңдаңыз,
Жиналған бай мен мырзаңыз.
Әділ айтсам, Аллам дос,
Әзіл айтсам, шайтан қос,
Әзіл деп, сөзім бұрмаңыз.
Құлақ салып тыңдасаң,
Құрттай ғана шыдасаң,
Мен сөйлейін бабамнан,
Қандырайын хабардан.
Атамыз Алшын, Қыдуар,
Үдіреппіз төрт баладан.
Төрт баланын ең кішісі
Қыдырқожа бай екен,
Төрт түлігі сай екен,
Мал, перзенті көп екен.
Қашаған Күржіманұлы