Жас ақын Қашаған атышулы Нұрым жыраудан бата
алмақ боп, үш рет барса да, кездесе алмайды. Оны естіп,
Нұрым риза болып:
– Жасы үлкендігімді бұлдамаймын, – деп, Қашаған
ауылына өзі келеді. Қашаған ауылда болмай шығады.
Ақыры екеуі бір тойда кездеседі. Нұрым Қашағанның
ақындық дарынын байқау үшін:
– О, інім, жас күнімде естіген біраз нәрселерім бар
еді, үлкейгесін естен шыға бастапты. Соны сенен сұрап
алайын, – дейді.
– Нұреке, бөтен ауылда отырмыз, Адайдың екі
ақыны айтысып жатыр демей ме? – дейді Қашаған.
Нұрым айтады:
– Жұрт не айтпайды, ат жүйрігі мен адам жүйрігі
жүлделі жерде шаба береді.
– Сұраңыз онда, Нұреке.
Нұрым:
– Аяқ алысыңды көрейін, домбыраңды шалып қара, –
дейді.
–Жасы үлкен, жалы биік ағасыз, сіз бастаңыз, батаңызды алайын, – дейді Қашаған.
– Талабың таудай екен ғой, сен қаш, мен қуайын.
– Аға, сіз қашыңыз, мен қуайын, жетсем батаңызды берерсіз, жете алмасам, өзімнен көрейін.
Сөзді Нұрым бастайды. Нұрым жұмбақтарының
Қашаған бәрін де шешеді. Айтыс соңында Нұрым
Қашағанға риза болып:
– О, шырағым, жұрт айтқыш дейтін еді, рас екен, тірлікте шылбырыңнан ешкім ұстай алмас, мына тойды сен
баста, сен тұрғанда ағаң дем алғандай екен, –деп батасын береді.
Қашаған Күржіманұлы