Алланың бұйрық ісінде.
Ренжіген бұйрыққа
Мақтаман надан кісіңді.
Риза бол анаңа,
Мехнат етіп сақтаған
Тоғыз ай, он күн ішінде.
Дүниеге сені шығарды,
Перзентті болды, қуанды.
Періште көңіл пәктікпен
Ақ сүтін сорып, жұбандың.
Талай бөлдің ұйқысын,
Бесікте жылап мазалап.
Мәпелеп сені өсірді,
Тәрбиелеп, тазалап.
Және көңілі шат болды
Көтеріп алып сүйгенге,
Апыл-тапыл алдында
Аяқ басып жүргенге.
Шақырып еді балым деп,
Сүйіп еді жаным деп,
Жылы шырай күлгенде.
Тәрбиелеп өсірді,
Еркелік қылса, кешірді.
Бұл күндері болғанда,
Дүнияша қызық деп,
Күйеуіңді күтіп, құрметтеп,
Құрметтеу міндет деп,
Саламат, есен-сау күнде
Аман қосып жұбыңа,
Жеткізді сені мұратқа.
Жылай көрме, жарқыным,
Кетемін деп жыраққа.
Қашаған Күржіманұлы