Аралбай ақын, жалғыз ұлы Берекет өліп, қамығып
отырғанда, үйіне замандасы Қашаған келеді. Бұл жайдан
хабарсыз, көптен көріспеген Қашаған:
– Лебізіңді сағындым, домбыраңды шалып жібер, –
дейді.
Сонда Аралбай Қашағанға мұңын ағытады:
Қолыма алған домбыра,
Сен де өзімдей аңыра,
Ажал құрық салған күн,
Қаларсың сен де әдірә.
Кешегі өткен он жасым,
Он жасымнан бері қарай,
Домбыра болды жолдасым.
Он бес жасқа келгенде,
Құрбының көрдім құрмасын,
Ағаның көрдім ордасын.
Баяны жоқ сұм жалған
Байқадым қолда тұрмасын.
Әй, Қашеке, Қашеке,
Шаттанып жүрген күнімде
Домбыраны қолға алғанмын,
Оңды-солды шалғанмын.
Қатепті қара нар едім,
Артуын таппай мертіліп,
Мен базардан қалғанмын.
Тіккен туым жығылған,
Көкірегім қайғы, арман, мұң.
Аяғы сынған арбамын,
Қанаты сынған қарғамын.
Қашаған Күржіманұлы