ПЕНДЕНІҢ КӨП-ТІ КҮНӘСІ

Бісміллә сөздің сарасы,
Пенденің көп-ті күнәсі.
Тіршілікке тоба қыл,
Өлімнің жақын арасы.
Бір өлген соң келу жоқ,
Бұл дүниені көру жоқ.
Әуелі Құдай оңласын,
Бар дана қайып жолдасым.
Қайып ерен, қырық шілтен
Жәрдемші болып қалмасын.
Ақыреттің қамын қыл,
Иманың, пенде, жолдасың!
Ақыретке барғанда
Құрт-құмырсқа, шаяның,
Барша бір жаның бара-бар.
Болмайды, сірә, бұл ісің,
Қаза жетсе бір күні,
Бөтенше болар қонысың.
Сауаптан, пенде, қалмаңдар,
Шайтан тілін алмаңдар,
Рақым қылса құдайым,
Үр қызын сүйіп тұрарсың.
Інжу гауһар су ішіп
Тұрарсың, пенде, пейіште.
Жеті пейіш жәннат бар,
Тірілікте хабар ал,
Хабарлы болсаң, жолың бар,
Хабарсыз болсаң, сорың бар.
Қарт, қария, жақсылар
Бұлар да өтіп жым болды,
Пұт пұрашқа табынып.
Маубас өгіз секілді,
Не көрімдер би болды.
Мұсылманның баласы
Табанға түсіп и болды.
Бір жұмыс түссе басыңа,
Айдаушысын ерте кеп
Басып-көктеп үстіңнен
Шығарады үкімді.
Олар білмей барады
Алыс пенен жақынды,
Тентек пенен мақұлды.
Ойлап тұрсаң, пенделер,
Қиямет-қайым жақын-ды.
 
Құлыншақ Кемелұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *