ЕЛГЕ СӘЛЕМ

 
Адамзат келер, келер – жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де, түзде көмер.
Құдая, иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер?!
Шығып ек біз Меккені бетке тұтып,
Барады мына кесел әлімді ұтып.
Асылым іште қайнап кетіп барам,
Ағайын, кідірмеңдер мені күтіп.
Аралап біраз жердің дәмін таттым,
Құлыншақ ортасында жүрген кезде
Тыңдап ед барша халқым салған әнін.
Халқыма Құлыншақтан дұғай сәлем,
Барады мына кесел әлімді алып.
Үш жүздің халқы болсын тегіс аман,
Төтелеп келген кесел түрі жаман.
Жәмеке, елге менен сәлем жеткіз,
Алланың аманатын тапсырайын,
Қажылық қабыл болар, өлсем, маған.
Қаратау есік алды ерттеулі атым,
Ішіме жазылып ед барлық хатым.
Сәлем де ағайынға Құлыншақтан,
Есіңде болып жүрер менің атым.
Теңіздің мен ішпедім суын татып,
Бұл кесел келді қайдан құдай атып?!
Қу жалғыз ағайынға енді аманат,
Қайтейін бір көре алмай қалдым жатып…
Жамаяқ, елге енді сен аман бар,
Бұл жалған енді болар біздерге тар.
Қаратау, басыңнан бақ арылмап ед,
Көруге енді сені боламын зар.
Ағайын, қош-есен бол барлығыңыз,
Сіздерге соңғы сөзім осы болар!
 
Құлыншақ Кемелұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *