ТАУ ЕЛІ

Таудан биік таудың халқы
тауға қарап күледі де
тауға қарап жылайды,
Таудай талас алдында да
тауға қарап жалбарынып,
таудан жәрдем сұрайды.
Алаулы кеш, ақ таңда да
тау басында кезіктіріп Күн, Айды
Тау басында таудай бағын сынайды.
Менің халқым таудың елі
тау секілді ірі біздің санамыз,
Қуанғанда тау секілді алқам-
салқам асқақ әнге саламыз.
Қайғы келсе тау секілді күңіреніп күрсініп,
Ренжісек тау секілді үн шығармай қаламыз,
Ал егерде ашулансақ тау секілді көшкін атып
кесек -кесек тас құлатып аламыз.
Шабыттансақ дауыл болып бұрқыраймыз соғамыз,
Тау басынан құлап аққан өзен болып ағамыз.
 
 
 

Байыт ҚАБАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *