(Ғ. Мүсірепов)
Түс ауа қораның ішінде таза ауада тамақ ішіп жатыр едік, аңырап боздап апам келіп қалыты. Таразының бір басында «Қайрошым, Қайыржаным» деп еркелететін шешем, екінші басында Шеген мен Бораш, екі ортада көзім жаутаңдап мен қалдым. Әлдеқайда жел айдап әкеп қосса да, жан-тәніміз бірігіп үлгерген екі досым салмақтаса келгенде, шешемді басып кете жаздаған бір кезі де болады. Бірақ әңгімені балалар үйінің хозяйкасы шешті-ау деймін.
Кеше маған ұнаңқырай қоймаған Мария апай, шынынд да, елу баланың анасы болып кеткен екен. Денесінің толықтығына қарамай, балалардың арасында ұршықтай үйіріліп жүреді. Толықтығында анаға лайықбір жылылық, мейрімділік бар екен. Бар бола Мария апай деп бір айтпаса, асы тамағынан кетпейтіндей, әлсін-әлсін бірдеме сұрап, мазасын алады. Ол оған ерінбейді де, жәбірленбейді де, әр баланың қасына барып, еркелетіп кетеді.
Балалар үйінің бұрынғы балалар Бораш екеумізге менсінбей қарап, Шегенге қулығы аралас қауіп көзімен қарап отырғандарын Мария апай аңдап қалған екен. Қақпадан апам даусы келіп жеткенде, Мария апай:
— Шашыңды қалай әдемі алған?.. – деп, менің басымды сипап тұр еді.
Апам даусын анық айырмай тұрып-ақ, жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Қасық қолдан түсіп кетті, Шегенің тізесіне сорпа да шашыратып алдым. Басында біздің жақтың үлкен жаулығы, көк шұбар кең көйлегі делең қағып, апам екпіндей басып келеді. Бір қалыптан шыққандай көп баланың ішінен мені бірден айыра алмай, сол екпінмен ортамызға келіп кірді. Киімдері бірдей, шаштарын да бірдей етіп алдырған балаларды сыдырта сүзген көзі маған таянып келеді. Шешесін көрген бала отыра ала ма?
— Апа!- деп, орнымнан тұрдым. Апам ұзын столдың ар жағынан қолын созып, мені көтеріп алды. Иісі таныс ыстық құшаққа кіріп кеттім. Ұя басар ана- қырын балапанын іліп алды да, бауырына басты. Балапан жүрегі дір қақты.
— Құлыным, Қайрошым… Қайда жоғалып кеттің?- деп, әлсіз ғана шыққан дауыс естіледі. Осы төрт-бес сөз өзің ес белгілі ана дегенді танытатын қандай мейірім, қандай сезім болса,соның бәрін бір-ақ көшіріп әкеп, ып-ыстық етіп жүрегіңе құйып жібергендей болды. Мені көтеріп алуға столдың ар жағынан қолын созғанда, бар баланың ішіп отырған сорпаларын бір шайқап жібергенінде, апамның жұмысы да жоқ… Шешесіз балалардың маған қарап, көздері мөлтілдей бастағанында менің де жұмысым жоқ. Дала иісін, шеше иісін аңсағалы айлар өткендей шешемнің кеудесін тұншыға иіскелеп, жұтып жатырмын.
Стол басындағы шусыз отырмайтын көп бала тына қалды. Бұлардың көбінің шешелері жоқ, жетім балалар. Әрқайсысы да өз шешесін сағынып, сарқыла білмес мейрімді аңсап, мұңая қалыпты. Туған анасын көрмесе де, шешесін сағынбайтын бала жүрегі болмайды.