Кең көгалға жайыла қонған ауыл шеті өңшең үлкен ақ үйлер. Бұлар мал қотанынан, иіс-қоныстан, мазасыздықтан әдейі қашып,шалқая қонған. Ауылдың екінші шеті мен мал иірілетін тұсында отырған өңшең қоңыр үйлер. Бұл шетте жыртық, шоқпық лашықтар, құрым қара қостар, кішкене күркелер бар. Қойшы шал, қозышы бала, түйеші, сауыншы, жылқышы да осы жақтан шығады.
Қазір үлкен ауылдың бұл шетіндегі қолы бос, шүйке есіп, ұршық иірген кексе қатын, кәрі кемпір де түгелімен ауылдың екінші жағына құлақ салады. Тегіс алаңдап, солай жүгіргілері келеді де тұрады. Олардың бәрін еліктіріп, қызықтырған асқақ үн. Ол-ән. Ауыл үстінде шаңқай түсте, бұлтсыз аспанға шаншылып шырқалған әсем үн- Әйгерім әні.
(М.Әуезов)