Мадағыңа да құштар емес ұлылық

Мадағыңа да құштар емес ұлылық,
Мақтауыңа да іңкәр емес сұлулық,
Бұл сендегі тәкәппарлық мағынасы,
Бұл мендегі менмендікке тығырық.
Болмысымның бет-әлпеті құбылып,
Мойындаудың ауырлығын ұғынып,
Ой мен сезім неке суын жұтындым,
Махаббаттың жайнамазына жығылып.
Сені бір сәт көрмегеннен суынып,
Сен туралы ойланудан жылынып ,
Жанарыңның шағылысынан мерт болдым,
Кірпігіңнің қағысынан туылып.
Қарғам-ау, сен жүрген жердің ауасы,
Жеті жылау, бес боздаудың дауасы.
Мен әзірге аңдып жүрмін сыртыңнан,
О, ол да бір мәртебелі лауазым!
Қызыл ернің қақпан болды, құрбым-ау,
Қара шашың болған кезде қыл бұрау.
Мемлекетімнің тарихында бұл кезең:
Ерланияда психологиялық құлдырау,
Ерланияда экономикалық құлдырау!
Ерланияда солқылдақтық саяси,
Мені аяса, Тәңір ғана аясын.
Саған мұнша тарлық етер демеп ем,
Менің бүкіл танымымның аясы,
Сен туралы сөйлемеймін мен енді!
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮСІП

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *