Өмірді ұғар секілденіп, ой кешіп,
Жүргенің де әурешілік кейде осы.
Біреу маған ақымақсың деп кетті,
Сезімдермен отыр едім сөйлесіп…
Өмір деген театр ғой көне тым,
Әртістердің екі түрі енетін:
Ақымақтар, және деймін басқалар,
Ақымақ боп көрінгісі келетін.
Деп күлемін
Езуімен әзілдің,
(Өзі-өзіммен әзілдескен мәз ұлмын)
Мен де кеше ақымақты іздеп ем,
Мұңның қара тізіміне жазылдым.
Талай сенім табан асты тапталды,
Талай үміт дар алдында ақталды.
… «Кемеңгерім!» деп ем сонда біреуге,
Ол да маған «Данышпаным!» деп қалды!
ЕРЛАН ЖҮСІП