СЕН ЖЫЛАҒАН ТҮНІ

 
Сен жылаған түні
Еріксіз жасым сорғалап, шошып оянғам,
Түн деген сап-сары сағыныш екен деп,
Қара түске шашы боялған,
Кім білген, дүние-ай, мұны.
Сен жылаған түні,
Зағип түннің көзінен нұр іздеп жатқам,
Жан-жағымды сипалап шам таба алмай,
Кірпігімді көз жасыммен тұтатқам,
Өртеніп өзегімнің бүрі.
Сен жылаған түні
Ащы жасыңды жұтқан жастықты қарғап,
Қара түннің қабырғасын тіліп,
Өзімше сені солайша қорғап,
Ұлыған шарасыздық мұңы.
Сен жылаған түні,
Бұл өмірдің күлкісін жек көріп кеткем,
Жымыңдаса жұлдыз, мазағы ма деп,
Күлімдеген айды кеудеге тепкем –
Бір тамшы жасыңның құны.
Сен жылаған түні,
Он екі мүшем егілуші еді, жаным,
Түн қойны мұздап сала беріп кенет,
Мен неге шошына бастадым тағы,
Мен неге жатырмын тірі,
Сені тағы жылатқанда мына түн?!

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *